АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ «АТАМЕКЕН» ҚАЗАҚСТАН КАРТАСЫ» ЭТНО-МЕМОРИАЛДЫҚ КЕШЕНІНДЕ КЕЗЕКТІ ЖҰМЫС МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

7 маусым күні «АТАМЕКЕН» ҚАЗАҚСТАН КАРТАСЫ» этно-мемориалдық кешенінде «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай қайта жаңаруына байланысты жазғы маусымдық жұмысын бастады.

Қазіргі таңда еліміздің мәдени ошақтарының алдында елеулі міндеттер тұр. Кешен жәдігерлерін  жаңартудың,  қазіргі заман талаптарына сай етуді мақсат еткен ұжым бүгінгі күні «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне тыңғылықты дайын екенін Қазақстандық БАҚ өкілдеріне арнайы пресс-тур жасап өткізді.

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінің жаңа маусымының ашылу салтанатты рәсімі толық жабдықталған этно-ауылдың ашылуымен басталды.

Этно-ауылдың ашылу рәсімінің лентасын Астана қаласы Мәдениет, мұрағаттар және құжатнама Басқармасы басшысының орынбасары МҰХАМЕТАЛИНА Нарима Әбілқызы мен «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінің директоры АЛТЫБАЕВА Алма Қуандыққызы қиып, аталмыш кешеннің жаңа тынысы басталғанын мәлімдеді.

«Этноауыл құрудың мақсаты терең. Себебі қазіргі уақыт біздің өткен тарихымыз ұштасқан заман деп те айта аламын. Осындай біздің керемет сақталған қазақы үйге келген адам таң қалатындай болады деп ойлаймын. Әсіресе шетелден келген адамдар. Оларға біздің терең тарихымыз қызықты деп ойлаймын» -дейді Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.

Кешен жанындағы этно-ауылдың киіз үйлері қазақ халқының ежелгі ұлттық бұйымдарымен жабдықталған.

Директор Алма Қуандыққызы АЛТЫБАЕВА журналистерге арнап берген сұхбатында:

– Жаңа маусымға орай кешенде 30-ға тарта макет жаңартылып оның ішінде 14 жәдігер жаңадан қосылды. Айталық, «Қарағанды спорт сарайы», «Қазақ мырыш зауыты», «Әбілхайыр кесенесі», «Қарабура кесенесі», «Ғарышкер монументі», бірнеше облыстағы Тарихи өлкетану музейлерінің макеттері бар. Жалпы кешенде 400-ден астам макеттік нысан орналасқан.

Сонымен қатар, заман талабына сай жаңа технология негізінде кешен аймағынан 5 лед-экран орналастырылды – деп, хабарлады.

Музейде жыл сайын мектеп оқушылары арнайы сынақ арқылы таңдалып, жазғы демалыстарында экскурсовод болып, еңбекақы алады. Әр экскурсовод кемінде 3 тілде экскурсия жүргізуге дайын, сонымен бірге түрік, француз, неміс, испан, қытай, корей тілдерінде еркін таныстыра алатын гидтер де қарастырылған – деп ерекше атап көрсетті, директор Алма Қуандыққызы АЛТЫБАЕВА.

Шара соңында БАҚ өкілдері, журналистер, блогерлер ашық аспан астындағы музейді аралап, жәдігерлермен танысты.

Сондай-ақ, кеш батысымен «Атамекен» Қазақстан Картасы» ұжымы журналистер қауымына арнап ауызашар жасады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *