БІЗ ТУРАЛЫ

ЕЛБАСЫНА МЫҢ АЛҒЫС

Тәуелсіздіктің ақ таңы алаулап атып, егемендігімізді бекіткеннен кейінгі еліміздің дамуы, әлем елдері арасында беделдің өсуі Елбасы бастаған қазақ халқының қажырлы еңбегі екені баршамызға аян.
Оның Ұлт Көшбасшысы ретінде болған 30 жылға жуық уақытта елге сіңірген еңбегі ұшаң-теңіз. Ол Конституциялық реформаларды қоса алғанда жаңғыру реформаларының жаршысы болды.
Ел еңсесін түзеп егеменді ел атандық. Бірақ осы бір қысқа мерзімге қарамастан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды еңсере білген Қазақ елі төрткүл дүние мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің барлық институттары құрылып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды.
Нұрсұлтан Әбішұлы бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікке айрықша мән бере отырып, елдік және жаһандық деңгейдегі ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөлге ие болды. Ол күллі адамзат, бүкіл дүние жүзінің өркениетті қауымы, барша елдер барынша назар аударарлықтай әлемдік деңгейдегі, парасаттың шырқау биігіндегі пайымдарды ортаға салды. Бүгінгі таңда Қазақстан барлық шешуші қырларымен әлем елдерінің бел ортасында. Ғасырлар жүретін жолдың, алатын асулардың ширек ғасыр ішінде-ақ ауыз толтырып айтарлықтай біразын еңсеріп тастадық.
Осы жылдар ішінде халықтың сенімін ақтап, мемлекетімізді бүкіл әлемге танытып, болашаққа айқын бағдар көрсеткеніңіз үшін мың алғыс!
Тағдыр Елбасына Қазақ мемлекетінің тұңғыш президенті болуды нәсіп етті. Ол бұл лауазымға көрегендігімен қоса, ел бастар көсемдігі, сөз бастар шешендігімен келді. «Бар деп таспайтын, жоқ деп саспайтын, құйса толмайтын, толса аспайтын» сабырлығы мен ұстамдылығы арқасында жетті.Тарих төрінде талай шешімдер қабылданып, талай тарихи құжаттарға қол қойылған шығар… Алайда Елбасының наурыз күні қабылдаған тарихи шешімі саналы елді селт еткізгені анық.
Тарих төріне талай көсемдер келер, кетер, алайда, Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі ұлы қазақ деген халықтың жүрегінде аңыз болып, мәңгі сақталатыны ақиқат!