ЕЛДІҢ ЕГЕМЕНДІГІН АҢСАҒАН МҰРАТ АҚЫН
14 ақпан 2018 ж. күні №56 мектеп лицейінің «Абай-Шәкәрім» клубында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көрнекті ақын, төкпе жырау Мұрат Мөңкеұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Елдің егемендігін аңсаған Мұрат ақын» атты әдеби-сазды, танымдық кеш өтті. Мақсаты: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мақаласындағы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық, 100 жаңа есім» жобаларын іске асыруға үлес қосу:
- Ел тәуелсіздігін аңсап, бодандыққа қарсы шыққан ақынның тұлға ретіндегі бейнесін ашу.
- Жас ұрпақты шығармашылықпен жұмысқа жетелеу.
- Елін, жерін сүюге, жамандық пен жақсылықты айыра білге тәрбиелеу.
Кешке «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені «Экскурсия» бөлімінің басшысы, педагогика ғылымының магистрі – Мәлжанбай Азамат; біліктілігі жоғары деңгейлі маман, тарих ғылымының магистрі, экскурсовод – Ілиясов Ермек Ерғалиұлы, «Астана мәдениеті» журналының бас редакторы – Айдана Сегізбаева және №8, 56, 35 – мектеп оқушылары қатысты.
Мұрат ақынның өмірі, өлеңдері, ел тәуелсіздігін аңсаған ақын екендігі туралы зерттеушілер, әдебиетшілер, тарихшылар тобы көптеген тың деректерімен тәнті етті. Осы кешке дайындық барысында Атырау қаласы музейімен байланыс жасаған клуб мүшелері Атырау қаласы музей қызметкерінің Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығы туралы жіберген видео-сюжетін көрерменге ұсынды. Танымдық кеште сөз алған зерттеушілер тобы ақынның өмірі, өскен ортасы, зерттелуі туралы ой қозғаса, әдебиетшілер тобы ел қамы мен халық тағдырын болжаған көріпкел ақын Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын жатқа оқып, мазмұнын ашты, ал тарихшылар зар заман ақыны атанған тұлғаның өмір сүрген кезеңі туралы ойларын ортаға салды.
Ақын шығармашылығын және ақын атын мәңгі халық есінде сақтау- бүгінгі ұрпақ борышы. Оқушылар осы танымдық кеш арқылы кезінде жартылай ақтаңдаққа ұшыраған, ел тәуелсіздігін аңсап, бодандыққа қарсы шыққан Мұрат ақынның тұлға ретіндегі бейнесін ашып, жаңа мағлұматтар алды. Кеш соңында «Абай-Шәкәрім» клуб мұражай жетекшісі Халесова Роза Ғарифоллақызы мен іс-шараға белсенді ат салысқан оқушыларға «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені директоры Сейдімбек Салтанат Ақселеуқызының атынан алғыс хаттар берілді, №56 мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Алма Еркінқызы өнегелі, ойлы пікірлерімен қорытындылады. Алдағы уақытта да «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенімен №56 мектеп-лицейінің шығармашылық байланыста болатынына кәміл сенімдіміз.