ІС-ШАРАЛАР

А.ЗАТАЕВИЧ: «ІНЖУ-МАРЖАН ІЗДЕУШІМІН»

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде музыка зерттеуші, фольклорист, ҚазКСР халық артисі, А.В. Затаевичтың туғанына 150 жылдығына орай лекция өтті. Жиын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Лекцияны ҚР Халық әртісі, өнер зерттеушісі Серік Оспан Кәрібайұлы жүргізді. Онда Қазақ халқының 2300-ден астам халық әнін, күйлерін нотаға түсірген ғалымның еңбегіне қатысты талдаулар жүргізіп, оның қазақ руханиятына қосқан мұрасымен таныстырды.

Қазақстандағы музыкалық фольклористикасы ғылым ретінде шын мәнінде 1920 жылдардан кейін ғана қалыптасты. Бұл салада қазақ музыкалық фольклористикасының негізін қалаушы Александр Затаевичтің еңбектері аса зор рөл атқарады. Оның «Қазақ халқының 1000 әні» (1925 ж.) және «Қазақтың 500 ән-күйі» (1931 ж.) деген көлемді жинақтары ХІХ ғасырды көктей шолып ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы орындаушылық өнерді толық қамтыған, әндік және аспаптық шығармалардан құралған баға жетпес асыл мұрамыз болып саналады.