ЖЕҢІС МОНУМЕНТІ
Жетпісінші жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі мемориалды кешен құрылысы жөнінде шешім қабылдаған еді. Кешен 1919 жылы Орал қаласын ақ гвардияшылардан және Ұлы Отан соғысы кезінде социалистік Отанды фашистік басқыншылардан қорғаушылардың өшпес ерліктерін мәңгі есте қалдыру үшін тұрғызылған болатын.
Жарияланған байқау бойынша кешеннің жобалары 1971 жылдың 12-наурызында қаралды. Алқа қазылары «Қанжар мен Ту» атты жобаны жоғары бағалап, қабылдады. Сәулетшілері – Р.В.Сейдаллин, Ж.К.Баймолдаев, Ә.Ж.Әбілов, мүсіншісі – Х.И.Наурызбаев. 1979 жылы кешен құрылысы кең қанатын жая түсті. Оған қаладағы көптеген құрылыс ұйымдары ат салысты. 1980 жылы 9 мамырда ашылу салтанаты өтті. Мамаев қорғанынан әкелінген Мәңгілік алауды Кеңес Одағының Батыры И.И.Коняхин мен Орал қаласын қорғауға қатысқан А.Исмағамбетов жақты. Кешеннің қабырғасына Ресей жеріндегі бауырластар зиратынан алынған топырақ сауыттары қойылды.