ОМАР-ТҰР КЕСЕНЕСІ
Омар мен Тұр күмбезі – архитектуралық ескерткіш. Маңғыстау облысының Бейнеу ауылынан шығысқа қарай 20 км жерде 1897 жылы жергілікті тастан тұрғызылған. Сәулетшілері – ағайынды Өмір мен Дүйсен Қаражүсіпұлдары. Күмбез шаршыланып салынған, жалпы көлемі 6,15х5,70 метр, биіктігі 8,21 метр. Ескерткіштің жалпы құрылымы цилиндрлі пішінді мойындыққа қондырылған дулыға іспетті күмбезден құралады. Күмбез және мойындық ескерткіштің көлденең білігін ұстап тұратын төрт сәндік элементтер арқылы біріктірілген. Қабырғалары тайыз ойынды қуыстармен нақышталып, үш жағынан сәндік тақта орнатылған. Бұл құрылыс алдыңғы бетіндегі негізгі пештақпен үндестік тапқан. Омар мен Тұр күмбезінің іші сыртқы сәулеттік шешімге сай нақышталған. Бетіне қашап ою-өрнектер, түрлі суреттер (қару-жарақтар, етік, кебіс, кебеже, аққұман, самауыр, тостаған, кесе, дастарқан, тағы басқалар) салынып, әр түсті бояулармен сырланған.