БІЗ ТУРАЛЫ

ҚОЗЫ КӨРПЕШ-БАЯН СҰЛУ КЕСЕНЕСІ

Қозы Көрпеш-Баян сұлу ескерткіші – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу қабіріне тұрғызылған кесене. Семей өңіріндегі Аягөз өзенінің сол жағалауында орналасқан. Ол шашақ күмбезді, қалақ тастан төрт қырлы жобамен қаланған. Биіктеген сайын сүйірлене береді. Биіктігі – 12 м. Ескерткіштің қай ғасырда тұрғызылғаны туралы нақты дерек жоқ. Құрылыс дыңға ұқсас болғандықтан, қазақ жеріне ислам діні тарамай тұрып салынған деген жорамал бар. Мазардың жанында тас мүсіндер болған. Осы тас мүсіндерді 1856 жылы Ш.Уәлиханов қағаз бетіне нобайлаған. Онда қасиетті құтты ұстаған үш әйел мен бір еркек суреттелген. Халық аңызында үш әйелдің бірі – Баян сұлу, екіншісі – сіңлісі Айғыз, үшіншісі – анасы, ер адам – Қозы делінеді. Қазір мүсіндер жоғалып кеткен. Аңыз бойынша, оны тұрғызуға Сарыбайдың інісі Тайлақ би Тобыл өзені бойынан 40 000 кісі жіберіп салдыртқан.