АҚ ОРДА
Егемен Қазақстанның жаңа астанасында көркемдік маңызы мен ауқымы жөнінен қала орталығының бірегей сәулеттік ансамблі бой көтерді. Оның құрамындағы ең басты туынды – Ақорда – Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы. Мемлекет басшысы резиденциясының атауында терең мағына бар. Тікелей аударғанда «Ақорда» кәдімгі «ақ орда» («белая ставка») дегенді білдіреді.
Нысан құрылысы 2001 жылы басталып, ресми тұсаукесері 2004 жылы 24 желтоқсанда өтті. Жоба жұмысын Еуропа мен Қазақстанның белгілі сәулетшілері жүргізді. Олардың қатарында еуропалық әйгілі дизайнерлер М.Гуалаци мен А.Мольтени бар. Ішкі көріністі ұлттық мәнерде орындау академик Қ.Монтақаевтың кеңесімен жүргізілді. Аса маңызды мемлекеттік нысанды салу үшін 26 ұлт өкілдері және әлемнің ондаған елінің мамандары мен жұмысшылары еңбек етті.
Ғимараттың жалпы ауданы – 36 720 ш.м. Ғимарат құрылыстағы ең соңғы заманауи әдістер мен озық инженерлік құрылғыларды қолдану арқылы монолиттік бетоннан тұрғызылды. Үшкір төбесімен қоса алғандағы ғимарат биіктігі – 86 м. Ғимарат жер үстіндегі бес қабатты және жер астындағы екі қабатты үйден тұрады.Бірінші қабаттың биіктігі 12 метрге тең.