ЕҢЛІК-КЕБЕК КЕСЕНЕСІ
XVII ғасырдың II-ші жартысында қазақ жеріндегі ескіліктің құрбаны болған Матай елінің қызы Еңілік пен Тобықты руынан шыққан Кебек атты жастарға қойылған ескерткіш.
⠀
Дастан кейіпкерлері Еңлік пен Кебекке ескерткіш Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында 1960 жылы орнатылған. 1976 жылы осы аудан тұрғындарының өтініштерімен бүкіл кесене ақ мрамормен қапталды.
⠀
Құрылысқа жергілікті халық шеберлері өңдеген қызыл, күрең және ақшыл сұр түсті гранит, цемент, құм, алебастр, әк, жоса пайдаланған.
⠀
Ескерткіш қойылған тау басындағы ескі зираттың үсті тегістеліп, алаң айналасы жалпақ тақтатастармен көмкеріліп, ал оның үстіне әр жерден орнатылған аласа сынтастар арасына жуан шынжыр арқанды бостау кермелеп қоршау жасалған.
⠀
Төрткіл алаңның ортасынан 4 қабырғалы күмбез-тұғыр соғылып, оның үстіне орнатқан биіктігі 6 метрлік мұнара мен күмбез түйісетін керегекөз өрнекпен әшекейлеген. Күмбездің 4 жағында шығыстық мәнермен ойып шығарылған 4 арка бар. Олардың маңдайшасында «Еңлік-Кебек» деген егіз есім әсемдеп жазылған.