Ақбота Сәңкібай
Ақтөбе облысының Байғанин ауданында көпшілік біле бермейтін, ерекше орын бар. Ол – Ақбота Сәңкібай шоқысы. Табиғаттың таңғажайып ескерткіші Жем өзені жағынан әппақ болып көрініп тұрады. Көлемі, биіктігі аса үлкен болмаса да, тылсым сырымен, қатпар-қатпар жота, ертегідей пішін сипаттарымен, өсімдік шықпайтын тауымен еріксіз баурап алады. Ақбота-Сәңкібай шоқысы теңіз деңгейінен 200 метр биікте тұр. Аумағы 10 гектар жерді алып жатыр. Шоқы табиғаттың өзі қолмен салған әдемі сурет сияқты. Алдынан қарағанда кең етек киген әдемі әйелді көз алдыңызға әкеледі. Бір қырынан қарағанда, шөгіп жатқан бота тәріздес. Бүгінде Ақбота-Сәңкібай шоқысы дүние жүзі геологтары арасында «Шахмат ханшайымы» атауымен белгілі.