КЕМЕҢГЕР КЕНЕН

«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешенінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың көрнекті ақын-композиторы Кенен Әзірбаевты еске алуға арналған «Кенен Әзірбаевтың ұлы мұрасы» атты кеш өтті.

Қоғам жаңарып, заман өзгергенімен тарих өтірік айта алмайды. Кенен Әзірбаев кезінде ел құрметіне бөленіп, Қазақ КСР-не еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен КСРО Композиторлар одағының мүшесі және «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иесі болды. Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» де бірнеше рет марапатталды. Табиғатынан өнерлі Кенен Әзірбаевтың ақындық, әншілік, жыраулық сияқты сан қырлы өнері талай-талай ғалымдар мен өнертану­шылардың ғылыми-зерттеулеріне арқау болғаны хақ.

«Жамбылдың шәкірті әрі ізбасары Кенен Әзірбаев 150-ден астам әуенді шығармаларды дүниеге келтірген тума талант иесі. Оның қазақ өнеріндегі сал-серілігі мен айтыскерлігін осы күнге жеткізу біздің басты міндетіміз. Бүгінде барша халық болып Кенен мұрасына ден қойып, еске алып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұл ақын мұрасының ұмыт болмай болашаққа беттегенін көрсетеді», – деді кештің тізгінін алған ҚР еңбек сіңірген әртісі Серік Кәрібайұлы.

Сонымен қатар, отырыс барысында дара тұлғаның шығармашылығы туралы естелік айтылып, әндері орындалды.

Осындай игі шаралардың арқасында Кенен Әзірбаевтың қазақ руханиятына қосқан мұрасы ұмыт қалмай, тарихымызда мәңгі қалары сөзсіз