ДОМАЛАҚ АНА КЕСЕНЕСІ

Түркістан қаласына жақын жердегі қыраттардың бірінде Домалақ Ананың мазары орналасқан. Бәйдібек атаның үшінші әйелі болған, ол 1378-1456 жылдары өмір сүрген. Оның ата-тегі қасиетті Ахмет Ясауиден басталады. Домалақ ана Бала Бөген шатқалында жерленген. Домалақ анамыздың шын есімі Нұрила. Ел ұранына айналған абыз аналардың бірі. Түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі. Ол 1378 жылы Түркістан қаласында өмірге келген. Атасы Мақтым Ағзамның өсиетімен Домалақ ана он тоғыз жасында (1397) Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Ел ішіндегі деректерге қарағанда, оған «Дихнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара Хайдар деген кісі қойған. «Дихнат мама» – парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағына береді. «Дихнат мама» сөзі уақыт өте келе дыбыстық өзгерістерге ұшырап, «Домалақ анаға» айналған. Одан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылымен ерекшеленіп, ел билеген. Домалақ ана өмірінің соңғы жылдары Ташкент қаласында өтеді. Алайда ері Бәйдібектің түсінде берген аяны бойынша, өздерінің ескі қонысы Қаратауға барып тұруға қамданып, жол шегеді. 1456 жылдың 28-ші мамырында көш Балабөген өзенінің жағасына жеткен кезде Домалақ ана сол жерде намаз оқып тұрып көз жұмады. Өзінің тілегі бойынша Домалақ ана сол жазыққа жерленеді.