«ҚАЗАҚСТАН» ҚОНАҚ ҮЙІ

«Қазақстан» қонақ үйі Алматы қаласының орталығында орналасқан жоғары «А» класты қонақ үйі. Архитекторлары – Ю.Г.Ратушный, Л.Л.Ухоботов. Инженері – А.Ш.Тәтіғұлов. «Қазақстан» қонақ үйі Абай атындағы алаңдағы қоғамдық ғимараттар ансамблінің құрамына кіреді. Қонақ үйде 953 орынды 482 қонақ жай бар. Заңғар тұрғын корпустан және 2 қабатты қоғамдық қызмет көрсету жайларынан құралған. Бірінші қабатында қонақтарды тіркеу, мейрамхана, техникалық және тұрмыстық қызмет көрсету бөлмелері; екінші қабатында почта, телеграф, жинақ кассасы; ең жоғарғы қабатта тау мен қала келбеті айқын көрінетін кафе орналасқан.