МЕДЕУ БИІК ТАУЛЫ СПОРТ КЕШЕНІ

1950 жылы Алматы қаласына таяу тұстағы «Мохнатая» шоқысының етегіне мұз айдыны салынды. Бастапқыда үш қатар ағаш орындықтары бар стандартты спорт алаңы болған. Теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте жатқан бұл айдын биік таулы аймақтағы спорт алаңы қатарына жатады.

1951 жылы 4-5 ақпан аралығында ең алғаш өткен Бүкілодақтық ресми жарыста зор жетістіктерге қол жетті: конькимен сырғанау бойынша республикалық, одақтық, еуропалық және әлемдік рекордттар жаңарды. Біртіндеп «Медеу» мұз айдыны сырғанақ сапасы бойынша әлемдегі ең күшті айдындардың бірінен саналып, Алматы қаласының визит карточкасына айналды.

1972 жылы бұрынғы стадионның орнына жасанды мұз айдыны бар стадион салынды. Сөйтіп коньки тебу, хоккей, тағы да басқа қысқы спорт түрлерінен олимпиадалық құраманың жаттығу базасы болып шықты. Дәл осы жылы мұз айдыны қарапайым халықтың пайдалануына берілді. Мұнда бір мезгілде 30 мың адамға дейін сырғанақ тебе алады.