ІС-ШАРАЛАР

ӘЛЕМДІ САУСАҚ ҰШЫМЕН СЕЗІНГЕН

13 қараша Халықаралық зағиптар күні. Бұл күн 1784 жылы Парижде соқырларға арналған әлемдегі тұңғыш интернатты ашушы, ағартушы, тифлопедагогиканың негізін қалаушы француздық Валентина Гаюидің (1745-1822) туған күніне орай атап өтіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен нақты осы күн Халықаралық зағиптар күнін белгілеуге негіз болды. Осыған орай Астана қаласы әкімдігінің «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенінің қызметкерлері көзі көрмесе де, көкірегі ояу жандарды төл мерекесімен құттықтап қайтты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Серік Кәрібайұлы терең ойдың тұнығын әуезді әнмен жеткізсе, айтыскер, ақын Азамат Мәлжанбай жырдан шашу шашты. Әлемді саусақ ұшымен сезінген жандар да өнерден алыс еместігін көрсетті. Туған жерге арнау айтып, Шәмшінің әндерін тебіренте шырқады.
Жарық дүниені бір сәт болса да көру – зағиптар үшін баға жетпес, ең асыл арман. Айналасын тек сипау арқылы ғана сезіп, көкірек көзімен көруден басқа қолдан келер қайран жоқ. Дегенмен, олар жазмыштың жазғанына жасымайтын қайсар жандар. Жанарынан айрылған азаматтар өмірге еш өкпелі емес. Сол қасиеттерінің арқасында өмірге деген ынталары артпаса, кеміген жоқ.
Көру мүмкіндігі шектеліп, күні өзгеге қараған зағип жандарды елеп-ескеріп қолдау көрсету кешен қызметкерлерінің басты мақсаты болды. Қоғамда тағдырдың сынағына ұшырағанымен, қиындыққа мойымаған жандар рухани күші мол екендігіне тағы да көзіміз жетті.